Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіру шаралары баяндалды
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов соғыс және дағдарыс жағдайында әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер жасақталатынын мәлімдеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді қайта жасақтау, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырмалар берді. Сондықтан соғыс жағдайы мен дағдарыс ахуалында әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер жасақталып жатыр», - дейді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөніндегі іс-шаралардың қорытындысы туралы баяндады. Ол есептік кезеңде жауынгерлік даярлықтың қарқыны едәуір артқанын, заманауи қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне қарап, әскерді қолданудың жаңа нысандары мен әдістері игеріліп жатқанын атап өтті.
Отырыс барысында Қарулы Күштердегі әскери тәртіп пен құқық тәртібі, тыл, техника жағынан қамтамасыз ету және әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Сонымен қатар, қорғаныс министріне «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында өткізілетін қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіру шаралары баяндалды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларға қазіргі жағдайда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі әскердің рөлі мен алатын орны назарда болуы керегін айтты. Қорғаныс ведомствосының басшысы президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы референдумның айрықша маңызды екенін де атап өтті.