Halyq Uni логотип
×

Көлік министрі шетел кәсіпкерлерімен елге инвестиция тарту мәселесін талқылады

Ірі логистикалық компаниялардың басшылары елімізге қолдау көрсетуге дайын

 Дастан Жұмабекұлы 17.11.2023 | 13:54
Көлік министрі шетел кәсіпкерлерімен елге инвестиция тарту мәселесін талқылады
Фото: gov.kz/ Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Көлік министрі Марат Қарабаев көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша шетелдік компаниялармен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

S Sistem Lojistik түрік компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлынмен кездесуде Ақтөбе әуежайында жаңа жүк терминалын салуға инвестиция тарту мәселесі талқыланды.

Бұған дейін қаланың әуе айлағы әуежай базасында көлік-логистикалық хаб құруға мүмкіндік беретін инновациялық пошта терминалын салу үшін «Қазпошта» АҚ-ға іргелес 3,2 га жер учаскесін берген болатын.

S Sistem Lojistik Түркияның негізгі әуежайларының (Ыстанбұл, Анкара, Измир, Анталья, Даламан, Бодрум) авиациялық жүк-терминалдарында 150 мың шаршы метрден астам қойма үй-жайлары бар.

Түркиядан келген тағы бір конгломераттық компания Albayrak Group Каспийдегі теңіз портының инфрақұрылымын жаңғыртуға инвестиция салуға дайын. Халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі директор Джумхур Гюзелтчи компанияның мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Albayrak Group Трабзон, Могадишо, Конакри және Баку қалаларындағы порттарға иелік етеді. Холдинг жүктерді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге және Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау көлемін ұлғайтуға қызығушылық танытты.

Global DTC (сингапурлық PSA-ға тиесілі) және KPMC (PSA және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірлескен кәсіпорны) компанияларының басшылығымен кездесуде Азия мен Еуропа арасындағы Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша транзит пен сауданы дамытуға қатысты мәселелер көтерілді.

2022 жылғы тамызда «ҚТЖ» мен PSA арасында Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен цифрлық сауда дәлізін дамыту саласындағы ынтымақтастықты көздейтін меморандумға қол қойылған болатын.

PSA International – Сингапурдағы жетекші компаниялардың бірі. Оның құрамына 60-тан астам теңіз, теміржол және ішкі терминалдар кіреді.

Сонымен қатар министр Марат Қарабаев Rail Cargo Group өкілі Даниэль Дезсомен кездесіп, екі жақ компанияның ТХКМ қауымдастығына кіру және елімізде өкілдік ашу мүмкіндіктерін талқылады.

Rail Cargo – Австриядағы тәуелсіз жүк тасымалдау компаниясы, Еуропаның 18 елінде кеңселері бар. Компания – ЕО-дағы жетекші теміржол логистикалық компаниялардың бірі. Ол жылына 507 мыңға жуық пойызға қызмет көрсетеді.

Қазір Rail Cargo Транскаспий халықаралық көлік маршрутына баса назар аударып отыр.

Шетел компанияларының басшыларымен келіссөзде Марат Қарабаев президенттің тапсырмасына сәйкес, Көлік министрлігі елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударатынын атап өтті. Осыған байланысты ведомство қажетті қолдау шараларын көрсетуге дайын.

Бүгінде министрліктің алдында еліміздің сенімді континенттік транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту міндеті тұр. Мемлекет басшысы республика әуежайларында мультимодальды хабты дамытудың маңыздылығын атап өтті, – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызды буыны саналатын Орта дәлізді одан әрі дамыту жоспарларын айтып берді.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қараша айында Әзербайжан, Грузия және Түркиямен бірлесіп, «тар жерлерді» синхронды түрде жою жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Нәтижесінде 2027 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту және жеткізу мерзімін 14-18 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Бүгінде орта дәліздің географиясы белсенді түрде кеңейіп келеді. Қазақстан осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама