×

«Әлдекімдер атымды пайдаланып кетті»: Данияр Елеусінов өзі жайлы дауға жауап берді

Белгілі спортшы Данияр Елеусінов спорт мектебіндегі дауға қатысты пікір білдірді

 Халық үні 17.11.2023 | 07:35
Фото: meta-ratings.kz

Белгілі спортшы Данияр Елеусінов спорт мектебіндегі дауға қатысты пікір білдірді. 80 мың теңге жалақының соңына шам алып түскендердің әрекетіне танымал боксшы ренжулі. Мұны өзіне қарсы қасақана ұйымдастырылған әрекет санайды, деп хабарлады КТК телеарнасы.

«Менде реніш жоқ. Реніш, әрине, менің атымды қолданғаны үшін ғана. Мәселе болған жоқ ол жерде. Жаңа команда бұрынғы команданың орынына келгісі келгендіктен болған дүние ғой. Менің атым бар болғаннан кейін соны пайдаланып кетті десе де болады. Бұл менің жеке пікірім. Жұмыстан шығып кеттім, ол жерде жұмыс істегеніме көп болған да жоқ қой. Қайтарып бердім. Көп емес, 200 млн емес, 2 млн теңге», -дейді кәсіпқой боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, таяуда ғана Данияр Елеусіновтің Астанадағы мемлекеттік спорт мектептерінің бірінен тұрақты түрде жалақы алып келгені туралы ақпарат тараған. Өзіне қатысты айыптаудың ақ-қарасын ашып айтпаған былғары қолғап шебері араға бір ай салып даулы тақырыптың нүктесін қойған. Олимпиада чемпионы спорт мектебінен бір жыл жартылай штаттық негізде алып келген еңбекақысын толықтай кері қайтарып, жұмыстан шығып кетті.

Қазір спортшы елге оралған. «Уақытша ма, әлде біржола қаламын ба, кейін белгілі болады» дейді ол. Дегенмен кәсіпқой бокстан қол үзбеген. Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 2018 жылы өткізген еді. Содан бері ол жеті рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жеткен, үш кездесуді нокаутпен ұтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама