Күдікті 7 жыл мерзімге сотталды
Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бекетінде өзіне қол салды делінген 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне күдікті әскери қызметшіге жаңа үкім шықты, деп хабарлады ҚР Әскери сотының баспасөө қызметі.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шекара заставасының сержанты Н.-ға қатысты күш қолдану арқылы қорқытып алу (ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) және билікті асыра пайдалану (ҚР ҚК-нің 451-бабының 1-бөлігі) баптарымен айыпталған үкімнің күшін жойды. Сондай-ақ оған әскери қызметші Б.- ны өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген айып тағылған (ҚР ҚК-нің 451-бабының 2-бөлігі және 105-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы).
Шымкент гарнизонының әскери сотының үкімімен сержант Н. ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағындағы және 451-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырған, ал, ҚК-нің 105-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 451-бабының 2-бөлігімен кінәсіз деп танылып, ақталған.
Сотпен сотталушы Н. шекара заставасында келісімшарт бойынша мобильді топтың басшысы ретінде қызмет атқарғаны анықталды.
2022 жылдың тамызында ол (сотталушы Н.,) әскери қызметшілер Қарулы Күштердің Жарғысын бұзып, нарядтағы бекеттерді өз еріктерімен ауыстырғанын анықтаған. Осы себепті пайдалана отырып, сотталушы Н. қатардағы жауынгер Қ.-дан ақша қаражатын бопсалап, өзінің банктік шотына аударуын талап еткен.
Сонымен қатар, сотталушы Н. шекара заставасының аумағында алкогольдік ішімдіктер ішкен әскери қызметшілер Б., К., А.-ны көріп, өзінің қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, оларға дене жарақаттарын келтірген.
Кейін, сотталушы Н. жоғарыда аталған жағдайды пайдаланып, жүйелі және негізсіз түрде, әскери қызметші Б.-ның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау арқылы соңғыны өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелерді қарап тексерумен, оның ішінде банктік шоттан үзінді көшірмесімен, шекара заставасынан алынған бейнежазбамен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен өз дәлелін тапқан.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен әскери қызметші Н. ҚК-нің 194-бабы 2-бөлімнің 1-тармағындағы және 451-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.