20 миллионыншы тұрғындар: бірі – тұңғыш болса, тағы бірінің ата-анасы көпбалалы атанды
Бала қай жерде туса да, бұл – бүкіл Қазақстан халқының қуанышы
Бүгін – талдықорғандық Әзімбаевтар, түркістандық Ізтілеуовтер, бурабайлық Исеновтер, ұлытаулық Сейтжановтар және атыраулық азаматтар әулетінде айрықша қуанышты күн. Өйткені бұл отбасыларда еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары дүниеге келіп отыр.
«Көпбалалы атанғанымызға қуаныштымыз!»
Талдықорғандық Мұхтар Әзімбаев пен Диана Әзімбаева 2015 жылы отау құрған. Олар осымен төртінші сәбиін сүйіп отыр.
14 қарашада дүниеге келген ұлымыз – төртінші баламыз. Тұңғышым – Айзере 2016 жылы туған. Одан кейін екі ұлым бар. Алланың қалауымен үшінші ұлым дүниеге келді. Көпбалалы әке атанғаныма, зайыбымның көпбалалы ана атанғанына өте қуаныштымын. Ал балам 20 миллионыншы болып дүниеге келеді деп күтпедік, үш ұйықтасақ та түсімізге кірген жоқ. Әлі де сене алмай отырмын. Өмірімде бірінші рет осындай жағдай болып тұр. Жан-жақтан телефон шалып, құттықтап жатыр. Әкімдіктен құттықтау алдым, - дейді nur.kz-ке сұхбат берген Мұхтар Әзімбаев.
20 миллионыншы болып туған сәбидің есімін Мұхтар өзі Айсұлтан деп қойыпты. Анасының айтуынша, нәрестенің салмағы – 3 келі, бойы – 50 см.
Мұхтар мен Диана – Өзбекстанның Бостандық ауданының тумасы. Мұхтар қызмет бабы бойынша Талдықорғанда 10 жылдан бері тұрып жатыр.
«2013 жылы Әуе қорғаныс күштерінің әскери инстутын тәмамдадым. Содан бері Талдықорғанда әскери қызметімді өтеп жатырмын. 21751 бөлімінде қызмет етемін, шенім – майор», - дейді ол.
Жетісайлық Әлімхан да – төртінші бала
Қазақстанның тағы бір 20 миллионыншы тұрғыны – Әлімхан есімді сәбиді Түркістан облысы Жетісай ауданының Асықата ауруханасында 35 жастағы Гүлмира Ізтілеуова дүниеге әкелді. Бұл да Шакеновтер отбасындағы 4-бала. Нәрестенің салмағы – 3 400 грамм, бойы 51 см болып туған.
Анасы Гүлмира «Жеңіс» жалпы орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болса, әкесі Ерғалидың тұрақты жұмысы жоқ. Әзірге жас отбасы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша шалғайдағы ауылдарға баруға ниетті. Құжаттарын құзырлы органдарға өткізіп қойған.
«Өңірдің ең көрікті жерінде дүниеге келуі – тіпті ерекше сый!»
Ал Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі Бурабай ауданындағы келесі 20 миллионыншы бала Айдар-Динара Исеновтардің отбасында дүниеге келгенін хабарлады.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңірде 10 айда 9 604 бала дүниеге келген.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты еліміздің 20 миллионыншы тұрғынының дүниеге келуімен құттықтады. Осынау атаулы оқиғаға біз де қуаныштымыз. Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болып өмір есігін ашқан перзенттің Ақмола облысының ерекше бір көркем, көрікті, сұлу жері Бурабайда дүниеге келуі – біз үшін тіпті ерекше сый! Ол қай жерде туса да, бұл – бүкіл Қазақстан халқының қуанышы. Мемлекет денсаулық сақтау мен білімге көп көңіл бөледі. Біздің балаларымыз жақсы білім мен медициналық көмек ала отырып, қолайлы ортада өсуі керек, – деді Марат Ахметжанов.
Бүгінде ана мен сәби «Авиценна – Бурабай» ЖШС-нің ана мен бала бөлімшесінде. Отағасы энергетика саласында қызмет атқарады екен.
«Біздің отбасымыз үшін бұл – күтпеген және өте қуанышты күн! Бұл біздің екінші баламыз», – деді отағасы Айдар Исенов.
«20 миллионыншы тұрғынның 20-өңірде өмірге келуі – зор мақтаныш»
Сондай-ақ 20 миллионыншы кезекті перзенттің Ұлытау облысында дүниеге келуімен өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтады.
20 миллионыншы тұрғынның 20-өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі – біз үшін зор мақтаныш... Бұл – ұлттың қуанышы, ортақ жетістік. Ұлытау облысы, Қоскөл ауылындағы Сейітжановтар әулетінде дүниеге келген кішкентай Томирис ханшайым атына сай тұлға, елдің азаматы болсын! Әкесі Сұңғат Сейітжан мен анасы Әйгерім Молдашеваның тұңғыш перзенті дені сау ұрпақ болып өсуіне тілектеспін! - деді ол.
Томирис – Сейітжановтар отбасындағы алғашқы немере. Сондықтан оның әжесі бала дүниеге келген кезде келінінің жанында болған.
«Қуаныштан жүрегіміз жарылып кетердей болып тұр. Ержүрек қыз және өз халқының адал азаматы болсын деген ниетпен есімін Томирис деп қойдық», - дейді әжесі Гүлзат Куманова.
Сұңғат Сейітжан қызының дүниеге келгенін жұмыстан келгенде бір-ақ білген. Жас әке «Қазақмыс» корпорациясында өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Ол 20-ға енді ғана толған.
Тіпті бейтаныс адамдар қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Бәріне рахмет! Біріншіден, бұл – Алланың қалауы. Екіншіден, қызымның дүниеге келуіне көмектескені үшін дәрігерлерге рахмет! Ата-анам бізден де қатты қуанып жатыр десем болады. Мен әлі толықтай сезінген жоқпын. Жұмыстан келгенде ғана зайыбымның босанғанын естідім. Жас жігіттерге ерте үйленуге кеңес беремін. Балаңызбен бірге өскен керемет, - дейді жас әке Сұңғат Сейітжан.
Айта кету керек, Ұлытау облысында да туу көрсеткіші артып келеді. Жыл басынан бері өңірде 3 мыңнан астам бала дүниеге келген.
Атырау қаласы 5 баланың құрметіне концерт ұйымдастырып жатыр
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі де өңір басшысының 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келген отбасын құттықтағанын хабарлады. Атырау қаласындағы Жұмағазиевтер отбасының бұл тұңғыш сәбиінің есімі – Мухаммад. Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, жас ата-ананы ақжолтай жаңалықпен құттықтап, сәбидің туу туралы куәлігін табыс етті.
Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік, отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл – сүйіншілететін ақжолтай хабар! «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі, - деді С.Шәпкенов.
Шарада «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының басшысы Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгелік сертификатты табыс етті. Бұл сомманы ата-анасы баланың болашақтағы қажеттіліктері үшін банк депозитіне салып, Мухаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.
Нақты айтқанда, Мухаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келген. Бойы – 54 см, салмағы – 3 660 грамм. Әкесі – Берік Жұмағазиев, анасы – Айдана Оразымбетова. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Кейін дәл сол сәтте зайыбым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар, – деді Берік Жұмағазиев.
Жалпы, Атырау облысында жыл басынан бері 14 мыңға жуық сәби дүниеге келген.
Сондай-ақ бүгін Атырау қаласындағы бірнеше сауда орталықтарында 20 миллионыншы нәрестелердің дүниеге келуіне байланысты сүйіншілеткен концерт ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Концерттер «Насиха», «Тамаша», «Көктем», «Байзар», «Мұрагер», «Ажар», теміржол вокзалы мен Х. Доспанова атындағы әуежайда сағат 17:00-де басталады. Онда Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі мен Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының, сондай-ақ басқа да мәдениет мекемелерінің өнерпаздары өнер көрсетеді.