АҚШ-та Джо Байден мен Си Цзиньпин келіссөз жүргізіп жатыр
Екі ел басшылары саммит алдында ортақ келісімге келді
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-тың Калифорния штатына Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы жыл сайынғы саммитіне (АТЭС) қатысу үшін келді. Осы жерде ол Америка Құрама Штаттарының президенті Джозеф Байденмен кездесті.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, екі елдің басшысы арасындағы келіссөз алып держава арасындағы қарулы қақтығыс, есірткі саудасы және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша қайшылықты бәсеңдетуге арналған.
Кездесудің мақсаты – екі ел арасындағы, оның ішінде АҚШ пен Қытай әскері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Саммитте мемлекет басшылары жабық есік жағдайында келіссөз жүргізді. NBC News-тің мәліметіне қарағанда, Джо Байден Си Цзиньпинді Калифорниядағы Вудсайд қаласының Filoli Estate мұражай үйінің жанына төселген қызыл кілемде қарсы алды. АҚШ президенті Қытай басшысын қарсы алу үшін ғимараттан бірінші болып шықты. Содан кейін ол саммит ғимаратына кірер алдында бірінші болып Си Цзиньпинге қолын созып, амандасты.
Кездесуде Джо Байден Си Цзиньпинге АҚШ-қа сапары үшін алғыс айтып, көшбасшы елдердің арасындағы бәсекені бақталастыққа жеткізбеу үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін атап өтті. Сонымен бірге АҚШ президенті ортақ мақсатқа жету үшін бірігіп жұмыс істеуге, соның ішінде климаттың өзгеруі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруға және жасанды интеллект тәсілдеріне жауапты екенін жеткізді.
Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ-тың қарым-қатынасы соңғы 50 жылда жайсыз болғанын, алайда олар барлық кедергілер мен қиындықтарды еңсере отырып, алға жылжып келе жатқанын атап өтті.
Қытай төрағасы саммитте қазір әлемде болып жатқан қақтығыстарға қатысты ортақ көзқарас пен мәміленің болатынына сенім білдірді.
Кездесу жалғасып жатыр.