Алматыда 50 жыл жұмыс істеген қария 24 мың теңге зейнетақыға өмір сүруге мәжбүр
Өйткені еңбек кітапшасы мен мұрағат өзі қызмет еткен кәсіпорында жоғалған
Алматы облысында 50 жыл еңбек еткен 81 жастағы қария тиісті зейнетақысына қол жеткізе алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, ғұмырының 50 жылын еңбекке арнаған қария базалық зейнетақы мөлшерін ғана қолына алады. Қария талай жылғы жұмысы үшін 20 жыл бойы 24 мың теңге зейнетақы алып келеді. Өйткені еңбек кітапшасы мен мұрағат өзі қызмет еткен кәсіпорында жоғалған. Ал қариямен әріптес болғандардың көбі қайтыс болып кетіпті.
50 жыл қызмет істедім. Алайда зейнетақының ең төменгi мөлшерін де ала алмай отырмын. Бір апталық азық-түліктен ақшам артылмайды. Қалай өмір сүруге болады? Сонда еңбек кітапшам жоғалса, еңбегімнің де еш кеткені ме? Оның үстіне бұл кәсіпорын қызметкерлерінің қателігі, - дейді зейнеткер Василий Кулеш.
Зейнеткер өз күшімен мұрағаттарды ақтарып, еңбек кітапшасын іздеуге тырысқан. Тіпті мемлекеттік архивке де барып, сұрастырыпты. Алайда нәтижесіз. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, енді бұл мәселе тек сот арқылы шешіледі.
Зейнетақының ең төменгі мөлшерін алу үшін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы қажет. Ал егер еңбек кітапшасы жоғалса, мемлекеттік архивтің көмегіне жүгінеді. Олай болмаса, тек соттың шешімін күтеді. Ал сотта еңбек еткенін растап беретін адамдар қажет, - дейді Талғар ауданы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Құралай Тоқымтаева.