«Ұлттық қордан – балаларға»: нысаналы жинақтар кіріске саналмайды
Қазақстандықтар Конституциялық сотқа арыз бергенде мемлекеттік бажды төлемейді
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексті қолданысқа енгізу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мен іліспе құжатты екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, заң жобалары президент тапсырмаларын орындау үшін әзірленген.
Сондай-ақ құжаттар Конституциялық соттың биыл 22 ақпандағы нормативтік қаулысын іске асыруға, салық заңнамасының кейбір нормаларын жақсартуға және нақтылауға бағытталды, - деді депутат.
Осы заң жобалары аясында төмендегі мақсат көзделеді:
- Коллекторлық агенттік, микроқаржы ұйымдары берешектерін кешірген кезде оны жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау;
- Ұлттық қордан бөлінетін балаларға арналған нысаналы жинақтарды кіріс ретінде қарастырмау;
- Жеке тұлғалардың микронесиелері бойынша берешектерін есептен шығаруға байланысты, микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша 3 жылға босату.
Биыл 18 қазанда аталған заң жобалары Мәжілістің жалпы отырысында, бірінші оқылымда қабылданған.
Негізгі заң жобасын қарастыру кезінде депутаттардың кейбір ұсыныстары ескерілген.
- Букмекерлік кеңсе және тотализатор қызметін іске асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық кешендерін салық органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануды қамтамасыз ету жөніндегі міндет енгізу қарастырылған.
- Қазақстан азаматтары Конституциялық сотқа арыз бергенде мемлекеттік бажды төлемейді. Құжатта баждың мөлшері нөлдік ставкада белгіленген.
Ілеспе заң жобасы аясында Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге, сондай-ақ «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.