Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі

Дәурен Ерболат

Келісімшарт ерікті түрде 3 жылға жасалады

Фото: kazpravda.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрін – резервтегі қызметті енгізу ұсынылады. Құжатқа сәйкес, резервтегі қызмет аумақтық қағидаты (тұрғылықты жері) бойынша әскери қызметтің ерікті түрі деп түсіндіріледі.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айутынша, заң жобасын әзірлеуге жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру негіз болған.

Бұл нормалар әскери бөлімді адами ресурспен кепілді қамтамасыз етуге резервте болатын жауынгерлік дайын күшті құруға мүмкіндік береді. Заң жобасын іске асыру үшін 2 кодекске, 4 заңға өзгеріс енгізіледі, - деді ведомство басшысы.

Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске резервтегі жауынгерді әскери құқықбұзу субъектісіне жатқызу бойынша өзгеріс енгізіледі.

«Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен резервтегі әскери арасындағы еңбек қатынасын реттеу бойынша түзету жасалады. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға резервтегі әскери адам мәртебесін, оның құқығы мен міндетін белгілеу, резервтегі әскеридің міндетін орындау кезеңін айқындау, резервте қызмет өткеру бойынша өзгеріс енгізіледі.

Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы» заңдарына мемлекеттік қызметшінің резервте қызмет ету мүмкіндігі бойынша өзгеріс енгізу көзделген.

Заң жобасын іске асыру азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт ерікті түрде 3 жылға жасалады. Даярлық бір жылда 2 айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын 2-3 күн болады, - деді Руслан Жақсылықов.

Аталған іс-шараларға қаражат республикалық бюджет есебінен қарастырылады.

Біріншіден, тиісті сабақтар кезінде ай сайын ең төменгі жалақы төлеу ескерілген. Екіншіден, жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған. Әскери резервтегі адам қызмет еткенде жұмыс орны сақталады. Заңды қабылдау әлеуметтік тұрғыдан тиімді. Резервке қызметке кірген азаматтың кірісі артады. Бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді, - деді министр.

Оның айтуынша, резервке адамдар ерікті түрде тартылады. Бірақ оларға денсаулығы бойынша талаптар қойылады. Сондай-ақ офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін резервте болуға тиіс.

Резервтегі адамдар дайындықты әскери бөлімдерде өтеді. Оларға тиісті қару-жарақ пен техника бекітіледі. Резертегі қызметті 2025 жылы қалыптастыру жоспарланған. Осы уақыт аралығында барлық әлеуметтік мәселені шешу керек. Бірінші кезеңде резервке 2 мыңға жуық адамды шақырту ескерілген. Бұл бағытта жылына шамамен 3,5 млрд теңге қаражат керек. Осы жүйені нығайтқаннан кейін, алдағы уақытта резервтегілердің саны арта түседі, - деді Руслан Жақсылықов.

Дауыс беру нәтижесінде аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.