Шетелдіктер полицияның бұйрығын ескермей, көшеде шамадан тыс жылдамдықпен жүрген
Орал қаласында Өзбекстанның екі азаматы бөтен көлікті жүргізіп, жол апатына түсті.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 13 қарашада сағат 23:10 шамасында Өзбекстанның азаматы Volkswagen Passat автокөлігімен Абдолов көшесінде орналасқан үйдің қақпасын соғып, ұсталған. Шетел азаматы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне бағынбай, көшеде шамадан тыс жылдамдықпен жүрген.
Тексеру кезінде көлікте Өзбекстан Республикасының 1996 жылы туған екі азаматының болғаны және сараптама қорытындысы бойынша олардың орташа дәрежедегі алкоголь ішкені анықталады.
Сонымен қатар тәртіп бұзушылардың автокөлікті өз бетінше жүргізіп әкеткені белгілі болды. Ол Бәйтерек ауданының 1978 жылы туған тұрғынының көлігі болған.
ҚР ҚК-нің 200-бабы 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруі басталды.