Halyq Uni логотип
×

Састөбе цемент зауытындағы жарылыстан бір адам қаза тапты

Екі жұмысшы ауруханаға түсті

 Дастан Жұмабекұлы 15.11.2023 | 14:59
Састөбе цемент зауытындағы жарылыстан бір адам қаза тапты
Фото: kasipodaq.kz

Түркістан облысындағы Састөбе цемент зауытында қайғылы оқиға болды. Зауытта жойқын жарылыс болып, бір жұмысшы қаза тапты. Екі адам ауруханаға түсті. Құқық қорғау органдары тергеу жұмысын бастады, деп хабарлады Otyrar.kz.

Қаза тапқан жұмысшының аты-жөні – Александр Боуш. 52 жастағы жұмысшы Састөбедегі цемент зауытында 6 жылдан бері механик болып жұмыс істеген. Оның денесін алапат жарылыс кезінде 100 пайыз күйік шалған.

58 және 34 жастағы екі адам ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оларды да ауыр күйік шалған. Қазір ақ халаттылар науқастардың өмірін аман алып қалу үшін барын салып жатыр.

Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбековтың айтуынша, 13 қарашада Түлкібас аудандық полиция бөліміне Sas-Tobe Technologies ЖШС цехынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт салдарынан 3 жұмысшыны түрлі дәрежедегі күйік шалған. Зардап шеккендердің бірі, Түлкібас ауданының тұрғыны дене жарақатынан есін жоғалтып, қаза тапты. Осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігі («Еңбекті қорғау ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір зауыт жұмысы уақытша тоқтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін Түркістан облысының полиция департаменті мен прокуратурасы жеке бақылауына алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама