Әуе кемелері аптасына 4 рейс жиілігімен ұшады
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі лоукостері Қазақстанға рейстер ашады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру мақсатында Азаматтық авиация комитеті Малайзияның авиациялық билігімен бірлесіп, Air Asia X әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады.
2024 жылғы 1 ақпаннан бастап аталған малайзиялық әуе компаниясы А-330 типті әуе кемелерінде (сыйымдылығы 285 орыннан 377 орынға дейін) аптасына 4 рейс жиілігімен Куала-Лумпур-Алматы бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр. Рейстер сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері іске асырылатын болады.
Қазақстан мен Малайзия арасында әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етуге тиіс.
Айта кетерлігі, Air Asia X әуе компаниясы Air Asia Aviation Group компаниясының құрамына кіреді. Компания паркі 270-тен астам A-320, A-320neo, А-321neo және A-330 типті әуе кемелерінен тұрады. Осы компанияның франшизасымен әлемнің 25 еліне (Австралия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Индонезия, Жапония, Таиланд, Тайвань, Сингапур, АҚШ, Сауд Арабиясы, Вьетнам) 400-ден астам бағыт бойынша рейстер орындалады.