×

Израиль әскері Газа секторының бас ауруханасына кірді

Түркия Халықаралық қылмыстық сотқа Беньямин Нетаньяхудың үстінен арыз түсірді

 Дастан Жұмабекұлы 15.11.2023 | 11:30
Фото: Israel Defense Forces

Израиль әскері мен ХАМАС ұйымының арасында Газа қаласының әрбір ғимараты үшін кескілескен шайқас болып жатыр. Аймақ екіге бөлініп, түгел қоршауға алынды. ЦАХАЛ Палестина халқына Газа секторының оңтүстігіне көшу үшін арнайы гуманитарлық дәліз ашып берген еді. Алайда бейбіт халықтың оңтүстікке көшуінің өзі қауіпті болып тұр. Өйткені халыққа атыстың астында жүріп-тұру өте қиын.

Израиль әскерінің мәліметіне қарағанда, кез келген мекемеде бейбіт тұрғындармен бірге ХАМАС-тың жасағы жасырынуы мүмкін. Сол себепті қарапайым халық та оққа ұшып жатыр.

Израильдың қорғаныс әскері Газа секторындағы ХАМАС тобына тиесілі бірнеше ғимаратқа бақылау орнатқанын мәлімдеді. Олардың арасында ХАМАС-тың заң шығару кеңесінің, басқару кешені ғимараттары мен полицияның штаб-пәтері бар. Сондай-ақ Израиль әскері Газадағы бір университеттің инженерлік факультетінің ғимаратын, ХАМАС тобының жаттығу базасын да басып алғанын жариялады.

ХАМАС инженерлік факультетті қару жасауға пайдаланған, – деп хабарлады ЦАХАЛ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газадағы 36 медициналық мекеменің 22-сінің жұмысы тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Ал 14 ауруханада қажетті материалдар жетіспей жатыр. ДДСҰ екі жақты тез арада атысты тоқтатуға шақырды.

Израиль әскері Газадағы секторға қажетті құралдар мен мобильді инкубаторлар жеткізуді, Газада дүниеге келген сәбилерді Израильдегі ауруханаларға апаруды ұсынды. ВВС-дің хабарлауынша, Газадағы ХАМАС-тың бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсынысқа келіскенмен, процесті бастауға механизмнің болмай тұрғанын ескерткен.

Бүгінде қаладағы ең үлкен «Әл-Шифа» ауруханасы үшін қақтығыс болып жатыр. ЦАХАЛ-дың ондаған әскері аурухананың бірнеше бөліміне, соның ішінде жедел жәрдем бөліміне кіріп, мекеменің бас дәрігерінен берілуді талап еткен. Ол аурухананы Израильдің бақылауына беруден бас тартқан. Осыдан кейін Израиль армиясы аурухананың жерасты жолдарын іздеген. Ол жерден ешкімді таппаған соң, науқастар шығатын жалғыз жолға оқ жаудырған. 

Израильдің мәліметіне қарағанда, соғыс басталған кезден бері ХАМАС-тың 3 мыңнан астам сарбазы жер жастанған.

Біз ХАМАС-тың соңғы содырының көзін жоймайынша, операцияны тоқтатпаймыз. Газаның солтүстігін тазартып болған соң, оңтүстігіне содырлардың соңынан барамыз. Сол жерде де олардың көзін құртамыз, – деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Түркия Үкіметі Израиль әскерінің іс-әрекетін тағы сынады. Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің ХАМАС үйымына қарсы соғысында бейбіт халықтың көп зардап шегіп, балалар мен әйелдердің көптеп ажал құшып жатқанын айтты. Сол үшін Израиль әлем қоғамдастығы алдында жауап беруі керек деп мәлімдеді. Осыдан кейін көп ұзамай Түркия Халықаралық қылмыстық сотқа Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың үстінен арыз түсірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама