Өлім аузынан қалса да, өлімші болып қалған Елнұрдың беті енді бері қарады
Көлік басып, ауыр жарақат алған әйел қылмыстық істің сиырқұйымшақтанып кеткеніне наразы. Оқиғадан бері біраз уақыт өтсе де, құзырлы органдағылар әлі күнге дейін істі аяғына жеткізбеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өлім аузынан қалса да, өлімші болып қалған Елнұрдың беті енді бері қарады. Денесінің тең жартысына зақым келген әйелдің бар күші қазір жүріп-тұруға ғана жетеді. 30-дан енді асқан жасында осыншама қиындық көрген келіншек сол бір жол апатынан кейін ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмағанын айтты.
«Басымнан өткен жағдайдан кейін қазір жолдан өтпек түгілі, көлікке отыруға қорқамын. Алған жарақатымнан маған ауыр көтеруге болмайды», – деді зардап шегуші Елнұр Нұғыманова.
Апат биыл 15 шілдеде болған. Одан бері 4 ай өтті. Алайда қылмыстық іс қозғаған полиция әлі күнге дейін істің соңына жете алмай келеді дейді. Ал адам қаққан 19 жастағы жүргізуші көмектесу былай тұрсын, кешірім де сұрамаған көрінеді.
«Сотқа дейінгі іс дұрыс жүргізілмеген. Полиция қызметкерлері 2-3 ай істің соңына жете алмады. Ал прокуратура қызметкерлері «Іс дұрыс жүргізілмеген» деп қайтарып жіберді. Олардан хабар жоқ, барсақ орнында болмайды», – деді Е. Нұғыманованың күйеуі Ақжол Сембаев.
Ақжолдың айтуынша, әйелін басып кеткен 19 жастағы жігіт жүргізуші куәлігін оқиғадан 2 күн бұрын ғана алған екен. «Мұны маған тәртіп сақшылары айтты» дейді.
Тергеу жұмысынан хабар ала алмаған соң, зардап шеккен тарап бірер күн бұрын анықтаушының үстінен прокуратураға арыз қалдырыпты. Елнұр көлік қаққан күнді жатқа айтса, Полиция департаменті қыркүйекте болған дейді. Бірақ қылмыстық іс әлі жүргізіліп жатыр деп хабар айтты.
«Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық қатысушысынан жауап алынды, қылмыстық іс жүргізілуде және жақын арада ҚР ҚІЖК-нің 300-бабы тәртібінде прокурорға жіберілетін болады», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
Өмір мен өлімнің ортасында болған әйелдің 3 баласы бар. Жалдамалы пәтерде тұрады. Күйеуінің тапқан бар табысы азық-түлік пен дәрі-дәрмектен, көмір-отыннан артылмайды екен. Ауыр жарақат алып еңбектен қалған келіншекке мүгедектік берілмеген. Яғни, дәрігерлер денсаулығынан кінәрат таппаған.