Әйел полицияға 1 және 7 қарашада өзін ұрып-соққан күйеуіне шара қолдану туралы өтінішпен жүгінген
Екібастұзда әйелін ұрып-соққан ер адам қамауға алынды, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Әйел полицияға 1 және 7 қарашада өзін ұрып-соққан күйеуіне шара қолдану туралы өтінішпен жүгінген. Сондай-ақ ол күйеуінің пәтерде атыс қаруын сақтайтынын хабарлаған.
«Полиция 31 жастағы ер адамға қатысты жұбайына дене жарақатын салғаны үшін 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарды және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады. Әйелге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесін алғаннан кейін материал сотқа жіберіледі», - деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар жедел қызметкерлер пәтерде тексеру жүргізді. Тінту іс-шаралары барысында жедел уәкілдер ер адамнан үш дана патроны бар, арнайы қабына салынған Stalker М908 тапаншасын тәркіледі. Пәтерден тағы алты пышақ пен белгісіз маркалы тапанша табылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген қаруға баллистикалық сараптама тағайындалды.