Бүгінде елімізде асық ату спортынан әр аймақта он алты федерация бар
Бүгін Астана қаласында еліміз бойынша үздік асықшыларға арналған «Жыл үздігі-2023» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Haly Uni.
Салтанатты шараға Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Тастанбек Есентаев, Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов және Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов қатысып, жүзден жүйрік шыққан асықшыларға жүлделерін табыс етті. Ұйымдастырушылар спортшыларға сәттілік тілеп, ұлттық ойынға сіңірген еңбектері үшін алғыстарын білдірді. Ал төменде аты аталған асықшылар мен жаттықтырушылар, құрамалар жыл үздігі деп танылды.
Үздік шыққандар Асық ату федерациясының диплом медальдарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жиынға қатысушылар ұлттық спорт төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Қауымдастық ұлттық спорттың дамуына қашан да күш салады. Бүгінде елімізде асық ату спортынан әр аймақта он алты федерация бар. Мыңға тарта бапкер, ал асық атумен айналысатындардың жалпы саны сексен мыңнан асты. Олардың арасынан 50 шақтысы спорт шебері атағын алып үлгерген.
Айта кетсек, Асық ату федерациясы ең алғаш 2010 жылы құрылған. 2018 жылы республикалық Асық ату федерациясы ұлттық спорт федерациясы ретінде Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан танылды. Ал 2023 жылдың тамыз айынан бері федерацияның президенті болып, елімізге танымал кәсіпкер Аслан Қуанышұлы Сұлтанов сайланған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына «Теңге ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Асық ату» спорт түрлері бойынша 9 ұлттық спорт түрінен республикалық федерация кіреді. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – кәсіпкер, белгілі меценат Исламбек Салжанов.