Астына ХАМАС тобы жасырынған Газадағы ең үлкен аурухана «қорымға» айналған
Ауруханада 600 науқас қалып, қалғандары оның дәліздерінде жасырынып жатыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір Газадағы ең үлкен аурухана Әл-Шифа қорымға айналған.
Аурухана электр қуатының үзілуі мен жанармай тапшылығына байланысты күрделі қиындықтарды бастан кешіріп отыр. Енді инкубаторға тәуелді ондаған шала туған нәресте тағдырының не болары белгісіз. Нәрестелермен қатар, диализге мұқтаж 45 науқас та электр қуатының жоқтығынан тиісті ем қабылдай алмай жатыр.
ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер ауруханада 600 науқас қалып, қалғандарының оның дәліздерінде жасырынып жатқанын алға тартып отыр. Оның айтуынша, емдеу мекемесі қазір зират сияқты жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың аға кеңесшісі Марк Регев ХАМАС тобы әскери инфрақұрылымын аурухана астына әдейі салғанын айтып, оны Әл-Шифа ауруханасын соғыс аймағына айналдырды деп айыптады.
Топтың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ал Израиль премьер-министрі өз әскерилерінің ауруханаларды әдейі нысанаға алмағанын растады.