×

Санкция салқыны: Урал мотоциклінің өндірісі Петропавлға көшірілмек

Әзірге өндіріс орны «Қазтехмаш» зауытының базасында орналасады

 Самат Жақып 19.05.2022 | 13:59
фото: frontrunnerzmotorcycleclub.com

Ауыр мотоцикл шығарумен айналысатын Ural Motorcycles компаниясы өндірісін Ресейден Қазақстанға көшіруге шешім қабылдады. Көрші елге салынған санкцияға байланысты кейбір жабдықтардың жетіспеушілігі және бұл техниканы импорттауға тыйым салынуына орай осындай шешім қабылданған.

Енді Урал мотоциклдері Петропавл қаласында құрастырылады. СҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмрин хабарлауынша, өңірде шетелдік компанияның өкілдігі ашылып, оның басшысы тағайындалған.

«Біз Ural Motorcycles басшылығымен кездестік. Сәтін салса, олар бізде жылына мыңға жуық мотоцикл құрастыруды жоспарлап отыр. Әзірге олар «Қазтехмаш» зауытының базасында орналасады. Бірақ резерв үшін арнайы алаң іздейді. Ол үшін Киров атындағы зауыт пен бос ғимараттарды қарастырып жатыр. Оларға «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында 160 гектар бос учаскесі және тиісті преференциялар ұсынылды. Компания өндірісті дамыту үшін кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуде. Бастапқы кезде 25-30 жұмыс орнын ашып, жергілікті мамандарды қабылдайды», - деді Дархан Әмрин.

Ural Motorcycles - жол талғамайтын мотоциклдерді шығарумен айналысатын кәсіпорын. 2000-шы жылдардың басында инвесторлар тобы Ирбиттегі банкротқа ұшыраған кәсіпорынды сатып алған. Ресейге салынған санкцияларға дейін аталған компания АҚШ, Канада және Мексикада диллерлік орталықтар ашып, өнімдерін осы елдерге сатып келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама