Halyq Uni логотип
×

Алматының Алатау ауданында 6 мектеп пайда болады

Мегаполистегі 302 мың оқушының 55 мыңнан астамы осы ауданға тиесілі

 Халық үні 14.11.2023 | 11:33
Алматының Алатау ауданында 6 мектеп пайда болады
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Президенттің тапсырмасы бойынша Алматының Алатау ауданында 11 мың 500 орындық 6 мектеп пайда болады. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматының халық ең көп қоныстанған Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков баяндады, деп хабарлады Halyq Uni.

Оның айтуынша, мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асырылады. Айта кетсек, Алатау ауданы әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан ең қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарына жатады. Мегаполистегі 302 мың оқушының 55 мыңнан астамы Алатау ауданына тиесілі. Биыл 1-сыныпқа 6 мың 200 бала қабылданды. Бұл – қала бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Жаңа жайлы мектептер Теректі, Қарасу, Алғабас, Ақбұлақ, Самғау және Әйгерім шағын аудандарында пайда болады. Құрылысты жүргізу 2023-2024 жылдарға жоспарланған.

Азамат Қалдыбековтің айтуынша, ауданда барлығы 30 мемлекеттік мектеп және 8 жекеменшік мектеп бар. Барлығы 57 мың 146 оқушы(мемлекеттік мектептерде – 55 мың 751 оқушы, жекеменшік мектептерде – 1 мың 395) оқиды. Бұл ретте оқушы орындарының тапшылығы – 5 мың 725. Аудандағы тапшылықты азайту үшін мектептер салынып жатыр. Саялы-2 және Зерделі шағын аудандарында әрқайсысы 550 орындық екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Мектепке дейінгі білімге келетін болсақ, ауданда 20 мемлекеттік және 201 жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар бар. Оларға 19 мың 173 бала барады. Бүгін Саялы-2 шағын ауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды.

Бұдан бөлек, Зерделі шағын ауданында жалпы ауданы 2 мың 730 текше метр болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Ауданда барлығы 184 спорт ғимараты жұмыс істейді.

Сондай-ақ Алатау ауданында 13 мың 712 баланың 534 үйірме мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі бар. Олардың қатарында кинотеатр, кітапханалар, аула клубтары, музей, театр, теннис орталығы және т.б. бар.

Қорытындылай келе, Азамат Қалдыбеков мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «100 заманауи Оқушылар сарайының құрылысы» бағдарламасын іске асыру аясында ауданда инновациялық шығармашылық орталығы ашылғанын, онда 33 түрлі үйірме ұйымдастырылғанын, апта сайын 5 мың балаға дейін қамтылып отырғанын хабарлады.

Қала бойынша 2025 жылға дейін Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесі аясында 22 жайлы мектеп ашу жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама