Атырау облысының бас имамы мешітте болған жағдайға қатысты түсінік берді (ВИДЕО)
Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын
Кеше Атырау қаласында мешітке келген имамға жұрттың жапа-тармағай амандасып, тәкбір айтқан видеосы тараған-ды. Бұған Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, кеше Атырау облысына елімізге танымал Нұрсұлтан имам барған.
Ол бір күн Атырау қаласында болып, жастарымызға ислам дінінің асыл құндылығын, оның ішінде Мұхаммед пайғамбарға деген сүйіспеншілік, білімнің маңызы, жалпы қоғамда қалай пайдалу болу керек деген тұрғыда жан-жақты уағыз айтты. Қазір осы мәселе әлеуметтік желілерде жан-жақты талқыланып жатыр. Ондағы негізгі себеп – Нұрсұлтан ұстаз мешітке келгенде көпшілік жас, жамағат Алланы ұлықтап, тәкбір айтқан болатын, - деді ол.
Сондай-ақ ол тәкбірдің неге айтылатынын түсіндірді.
Бұл тәкбір бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Яғни бұрын адам қандай да бір жетістікке жетіп жатса, бір мешіт ашылса, біреуге Умра ретінде сыйлық берілсе, Алла ұлықталып, тәкбір айтылатын. Одан қала берді, тәкбір деген сөз – Алланы ұлықтау деген сөз. Сол кезде «Аллаһу әкбар» деген сөзді айтады. Бұл – «Алла ұлы» деген сөз. Қазақ халқы бата бергенде соңында «Аллаһу әкбар» деп бетін сипайды. Сондай-ақ сәбидің құлағына «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып жатамыз, қаматын түсіреміз. Құрбан айтта, Ораза айтта Алланы ұлықтап, осындай тәкбір айтылады, - деді Атырау облысының бас имамы.
Оның пікірінше, бұл сөзден қорқудың қажеті жоқ.
«Бір сөзбен айтқанда, бұл – қорқатын, үрейлетенін дүние емес. Мұны кейбір адамдар саясиландырып, «Ойбай, оның артында жиһадқа шақыруы мүмкін. Қаншама жастарды басқа ағымға алып кетуі мүмкін» деген сияқты пікірлер айтып жатты. Әрине, мұның барлығы сол сөздің парқына бармағаннан соң, оны дұрыс түсінбегеннен кейін айтылып жатқан болар деп ойлаймын. Сондықтан сіздерге осы сөздің мағынасын және оның неге айтылатынын түсіндірдім.
Біз бұл сөзден қорықпауымыз керек. Оның астарында ешбір саяси мәселе жоқ. Айтылған уағыздарды тыңдасақ, оның барлығы, керісінше, жастарымыздың имандылығын, руханиятын көретін уағыздар. Тек халық, жамағат мешіттің ішінде бір қуанышын, бір сезімін, яғни қол шапалақтау емес, айғайлап ысқыру емес, керісінше, мешітте Алланы ұлықтағанды жөн көріп, «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» деген сөздерді айтты. Сондықтан мұнда қорқудың қажеті жоқ, - деді Алтынбек Ұтысханұлы.