Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды
Ермек Оспанов агенттік басшысының орынбасары қызметіне биыл ақпанда тағайындалған
Мемлекет басшысының өкімімен Ермек Әшімханұлы Оспанов Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы 28 қаңтарда Мемлекет басшысы Қазақстанда көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ Президент жарлығымен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы болып Жанат Қалдыбекұлы Элиманов тағайынды.
Жаңа агенттікке Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері берілді.
2021 жылдың 4 ақпанында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары болып Ермек Оспанов тағайындалды.