Halyq Uni логотип
×

Тоқаевқа қоғамда резонанс тудырған қылмыстардың тергелу барысы баяндалды

Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алған

 Динара Амантай 13.11.2023 | 13:31
Тоқаевқа қоғамда резонанс тудырған қылмыстардың тергелу барысы баяндалды
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді.

Берік Асылов заңсыз иемделген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар және осы мақсатта жаңадан құрылған комитеттің қызметін баяндады. Бас прокурордың айтуынша, комитет шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданады.

Мемлекет басшысына маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Құрамына Сыртқы істер министрлігі, «Қазақ-Инвест» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері және бизнес-омбудсмен кіретін арнаулы ведомствоаралық комиссия инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған алғашқы шараларды әзірледі. Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алды. Қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапты.

Президентке инвестицияның қауіпсіздігіне кепілді күшейту үшін инвестициялық жобаны іске асырудың бүкіл процесін нақты уақыт режимінде бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты негізгі шешімдерін прокурормен келісу ұсынылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берілді. Жалпы, еліміз бойынша 1 мың 41 адамның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқықбұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарды (310-нан 222-ге дейін).

Бұдан бөлек, президентке азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары баяндалды. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесіне 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған.

Сондай-ақ Бас прокурор қоғамда резонанс тудырған қылмыстардың тергелу барысы жөнінде есеп берді. Аталған мәселелермен қатар, халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Атап айтқанда, биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 40 адам экстрадицияланды. Жалпы, Қазақстан қылмыстық-құқықтық сала бойынша алыс шетелдің 34 мемлекетімен 74 шартқа қол қойды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама