Жолдар жақын уақытта пайдалануға беріледі
Республикалық маңызға ие 363 шақырым болатын «Қарағанды – Балқаш» тасжолында барлық айналма жолдар жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазавтажол» ҰК» АҚ мәліметінше, жол I техникалық санатқа жатады және төрт жолақтан тұрады.
Биыл мердігер ұйымдар 190 шақырым асфальт жабынының төменгі қабатын, 150 шақырым асфальт жабынының жоғарғы қабатын төседі. Сондай-ақ Жұмабек, Ақсу, Ақсу-Аюлы, Ақшатау ауылдары мен Балқаш қаласы айналма жолдарының құрылысы аяқталды. Бұл транзиттік көліктерге жоғарыда аталған ауылдар мен қалаға кірместен, айналма жол арқылы еркін жүруге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 32 жол өтпесінің, 11 көпірдің, көлік айрығы мен теміржол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстарының соңғы сатысы іске асырылғаннан кейін қолданысқа тапсыру көзделген.