Тергеу барысы ІІМ басшылығының бақылауында
Астанада сот экс-министр Қуандық Бишімбаевты 2 айға қамауға санкция шығарды, деп хабарлады Halyq uni.
2023 жылғы 11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ. Бишімбаевты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, - делінген акпаратта.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астана полициясы осы іске қатысты түсінік берген еді.
Астана қаласының полиция департаменті мейрамханада әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Күдікті Астана қаласының ПД УҰИ-ға қамалды. Істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені өткізіледі. Тергеу барысы ІІМ басшылығының бақылауында, - делінген полицияның Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ полиция мұндай жағдайларға қатысты жалған ақпарат таратушыларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.