Halyq Uni логотип
×

Мақтааралда магнит адам тұрады

Қария денесіндегі магниттік тартылысты адам емдеуге пайдаланды

 Халық үні 11.11.2023 | 20:48
Мақтааралда магнит адам тұрады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында магнит адам тұрады, деп хабарлайды Kazinform. 

Мақтаарал ауданының тұрғыны Қилыбай Ирсаевты жерлестері магнит адам деп атайды. Себебі қарияның денесіне кез келген темір жабысып қалады. Қасық, шанышқы, үтік секілді заттарды денесіне жақындатса, терідегі магнит бірден тартып алады. Одан бөлек, 77 жастағы ақсақал 30 метр қашықтықта тұрған адамға ешқандай жіпсіз әсер ете алады.

Жалпы Қилыбай қарияға бұл қасиет 1988 жылы дарыпты. Сол кезде әкесі Монан қайтыс болған. Қаралы жағдайға қатты қайғырған ұл науқастанып қалады. Салмақ тастап, реңі де сұрланып кетеді. Қалаға барып, дәрігерлерге көрінгенімен, нәтиже шықпайды. Тәуіптер мен әулиелерді аралап, қазақы емге де жүгінген. Дегенмен жағдайы жақсарудың орнына кері кете беріпті. Көпшіліктің кеңес беруі арқылы Оразгелді есімді ақсақалды тауып, бата алады. Содан кейін ғана, денсаулығы жақсара түседі. Тіпті, денесінде магнит пайда болады.

Алғашқыда тамақ ішіп отырып, қасықты шекеме алып барсам, жабысып қалды. Өзім таңғалдым. Содан денеме жабыстырып көрдім. Арқама алып бардым. Жабысып тұр. Үтікті алып келіп кеудеме қойдым. Ауыр салмақтағы үтік те «тастай» болып жабысып қалды. Үйдегілер жарты метр жерден қасықтарды маған қарай лақтырып та көрді. Жабысып қалды, - дейді ол.

Кейіннен Қилыбай қария өзі де емшілікті қолға алған. Балтыры сыздап, басы ауырып келген науқастарды қолындағы тылсым күш арқылы емдеп жүрді. Денесіндегі магниттік тартылысты адам емдеуге пайдаланды. 1991 жылы Мәскеуге барып, тәуіптік қасиетін көрсетіп, тәжірибесін де шыңдап келді.

Денемдегі магнитті зерттетпедім. Бұл маған берілген ерекші тылсым күш болғандықтан, бойымдағы бұл қасиетті адам емдеуге арнадым. Ғалымдарға, дәрігерлерге көрсетіп, себебін білгім келмеді, - дейді ол.

Жалпы Қилыбай Ирсаевтың мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Мектепте сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеген. Басшылық қызметтер атқарып, өңірдің дамуына үлес қосқан. Ал зейнетке шыққан соң қоғамдық істермен айналыса бастады. Атакент кентінде ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жастар тәрбиесі, ел бірлігі жолында талмай еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ, шығармашылықпен де шұғылданды. Бүгінгі күнге дейін жастарды тәрбиелеуге қатысты 5 кітап жазып шықты. Қазіргі кезде магнит адам жұбайы Қыздаркүлмен 3 бала, екі қыз өсіріп, олардан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама