Дүниежүзілік гимназиадада қазақстандық оқушылар 14 медаль жеңіп алды
Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар
Еліміздің оқушылары Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, әлемнің 70-ке жуық елінен келген құрдастарымен бақ сынасып жатыр. Жарыстың алғашқы 3 күнінде бақ сынаушылар 14 медаль жеңіп алды. Бұл туралы БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов telegram-дағы парақшасында жариялады.
Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Дзюдо, таеквондо және жүзу жарыстарына қатысушылар алтын, жеңіл атлеттер мен дзюдошылар күміс, сондай-ақ дзюдошылар мен таэквондошылар қола жүлдегер атанды.
Барлық жеңімпазды лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Әр медаль – еңбектің, табандылықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің жемісі. Жақсы дайындық деңгейін көрсеткен мұғалімдеріңіз бен жаттықтырушыларыңызға, сондай-ақ қолдау көрсеткен ата-аналарыңызға алғыс айтамын, – деп жазды министр.
Бұған қоса Аймағамбетов оқушыларға алдағы ойындарда жеңістер тілеп, туған жерде оларды асыға күтіп, барлығы жанкүйер болып отырғанын айтып қолдау білдірді.
Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын 250-ге жуық қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік гимназиадаға қатысу үшін Францияға ұшқан болатын.