Қазір Мұхаммед Дейф пен Ихъя Синуар Al-Shifa ауруханасының астында жасырынып отыр
Газа секторында ХАМАС ұйымы басшысының бірі Мұхаммед Дейф пен Ихъя Синуар бункерлерінде қоршауға алынды.
Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галанттың айтуынша, қоршауға алынған ХАМАС-тың әскери қанатының басшылары сарбаздарымен байланысқа шыға алмай отыр. Олардың бункері Al-Shifa ауруханасының астында орналасқан. Қазір Мұхаммед Дейф пен Ихъя Синуардың қарамағындағы адамдарымен де байланысы үзілген.
Maariv.co.il басылымының хабарлауынша, Газа қаласында ХАМАС-тың бункерлеріне бомба тасталып, қиратылып жатыр.
Израиль Қорғаныс министрлігі (ЦАХАЛ) жоғарғы басшылықтан ХАМАС ұйымының көзін жоймайынша соғысты тоқтатпау туралы бұйрық алғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ-дың дерегіне қарағанда, қазір ХАМАС 240 адамды тұтқында ұстап отыр. Олардың арасында 9 айлық сәби де бар.
Еске сала кетсек, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс 7 қазанда басталған. Осы күннен бастап Израиль территориясы 10 мыңға жуық зымыранмен атқыланған. Нақтырақ айтсақ, 7 қазаннан бастап бүгінге дейін Газа секторы, Ливан, Сирия мен Йемен аумағынан Израильге қарата 9500 зымыран мен ондаған дрон ұшырылған.
Салыстыра кетсек, Екінші Ливан соғысы кезінде Израильге қарата 4 400 зымыран атылса, «Мызғымас шатқал» операциясында 4 500 зымыран жіберілген. Бұл соғыс Екінші Ливан соғысы немесе Шілде соғысы деп аталған. Ол – 2006 жылдың шілдесі мен тамызы аралығында «Хезболла» ұйымы мен Израиль арасында болған соғыс.
«Мызғымас» шатқал операциясы 2014 жылдың 7-26 шілде аралығында болды. Сол кезде Израиль Газа секторында ХАМАС-қа қарсы операция жүргізді.
Қазір соғыс Газа секторы аумағынан шығып, Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Женин қаласына ауысты. Бұл қалада қанқасап шайқас болып жатыр.