Қазір ұшақтың рейстері көбейіп жатыр
Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында визасыз режим қолданысқа енгізілді.
Осы ретте Көлік министрлігі мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында отандық әуекомпаниялармен бірлесіп, жолаушылар тарапынан туындап отырған сұранысты қанағаттандыру мақсатында екі ел арасындағы рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Осылайша, «Эйр Астана» әуекомпаниясы жолаушылардың көбеюіне байланысты бірнеше бағыт бойынша рейстер санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Алматы-Бейжің бағытында аптасына 6 рейстен 7 рейске дейін; Астана-Бейжің бағыты бойынша аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін; Алматы-Үрімші бағытында аптасына 2 рейстен 7 рейске дейін ұлғайтылады, – деп хабарлады ведомствоның Азаматтық авиация комитеті.
Сонымен бірге келесі жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясы Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашуды жоспарлаған. Бұдан басқа, қытайлық Air Logistics жүк әуекомпаниясы қараша айынан бастап Алматы-Сиань бағыты бойынша жүк тасымалына арналған тұрақты рейстерді іске қосуды көздеп отыр.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 27 рейспен ұшақтар ұшады. Оның ішінде Алматы-Бейжің бағытында («Эйр Астана») – аптасына 6 рейс; Астана-Бейжің («Эйр Астана») – 1 рейс; Астана-Үрімші (Fly Arystan) – 2 рейс, China Southern Airlines – 2 рейс; Алматы-Үрімші («Эйр Астана») – 2 рейс, China Southern Airlines – 7 рейс; Алматы-Сиань (China Southern Airlines) – 2 рейс; Астана-Сиань-Бейжің (Air China) – 2 рейс; Алматы-Ханчжоу (Loong Airlines) – 3 рейс.
Жалпы Қазақстан мен Қытайдың авиациялық билік өкілдерінің арасындағы келісімге сәйкес, екі елдің әуекомпанияларына аптасына 84 рейс орындауға рұқсат етілген.