«АрселорМиттал Теміртауға» 1 млн теңге айыппұл салынады
Кәсіпорын қазандықтарды күрделі және орташа жөндеу кестесін өткізіп алған
«АрселорМиттал Теміртауға» 1 млн теңге айыппұл салынады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды облысы бойынша энергетикалық қадағалау департаментінің мәліметінше, компанияға тиесілі Теміртаудағы №2 жылу электр орталығына жылу маусымына дайындық паспорты берілмеген.
№5 қазандықты жөндеу жұмыстарының сметасында 12 дана коллекторларды толық ауыстыру көзделгеніне қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ оларды өзгертпеу, тазалаумен және жөндеумен шектелу туралы шешім қабылдаған. №4, 5 қазандықтарды күрделі және орташа жөндеу кестесін өткізіп алған, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 16 жыл бұрынғы ақауы бар қондырғылардың жаңартылмағаны белгілі болды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 301-бабы негізінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 1 млн теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Баяндалғандарды ескере отырып, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлардың туындау алғышарттарын болдырмау үшін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2 жылыту маусымының өтуі аумақтық департаменттің ерекше бақылауына алынатын болады, – делінген хабарламада.