Рыбакина Билли Джин Кинг кубогы турниріне қатыспауы мүмкін

Дастан Жұмабекұлы

Аружан Сағындықова мен Жібек Құламбаева команданың жартылай финалға шығатынына сенімді

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Испанияның Севилья қаласында теннистен әйелдер арасында Билли Джин Кинг кубогы үшін турнир басталды. Оған Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр.  

Кеше ұлттық құрама Австралия командасымен алғашқы ойынын ойнады. Өкінішке қарай, бұл матчқа еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина қатыспады. Ол денсаулығына байланысты кортқа шыға алмады. Бұл туралы құрама команданың капитаны Ярослава Шведова айтты.

Мексиканың Канкун қаласындағы турнир біздің құрамаға оңай болған жоқ. Осы турнирден кейін теннисшілердің көбі жарақат алды. Елена турнирден кейін ауырып қалды. Енді тез арада жазылып, қатарға қосылады деп үміттенемін.  Бұрынғыдан да жақсы ойнаса деп тілеймін, – деді Шведова.

Рыбакина Австралиямен ойын алдында құрама тізімінде болған. Бірақ матч күні өзін жайсыз сезініп, кортқа шыға алмаған. Ал Австралиямен матчта Қазақстан құрамасы 1:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Бұл ойында кортқа Анна Данилина мен Юлия Путинцева шықты.

Онда бірінші болып Анна Данилина әлемнің 172-ракеткасы Сторм Хантермен ойнады. Өкінішке қарай, матчта Қазақстан теннсишісі қарсыласынан 6:7 (2:7), 4:6 есебімен жеңілді. Одан кейін Путинцева Кимберли Биррелмен күш сынасты. Путинцева бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ. Есеп бірінші сетте 6:0 болды.

Екінші партияда да Путинцева 7:5 есебімен жеңді. Осылайша, Қазақстан мен Австралия матчында есеп 1:1 болып теңесіп, ойынның тағдыры жұптық сында шешіледі.

Анна – жұптық ойынның шебері. Сондықтан ол Рыбакинаның орнын жоқтатпайды делінген. Алайда Австралияның Сторм Хантер мен Эллин Перес деген теннисшілері олардан мықты болып шықты. Бірінші партияда австралиялық жұп 6:1, екінші сетте 6:4, супер тай-брейкте 10:5 есебімен жеңіске жетті. Жалпы есеп 2:1 болды.

Billie Jean King Cup – командалық әлем чемпионаты. Қазір Испанияның Севилья қаласында оның финалдық кезеңі болып жатыр. Оған Қазақстан құрамасынан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилинадан басқа Аружан Сағындықова мен Жібек Құламбаева да қатысады. Осы жерде ескерте кететін бір нәрсе, Рыбакина денсаулығына байланысты әлем чемпионатына қатыспауы да мүмкін. Ал Аружан Сағындықованың бұл алғашқы әлем чемпионаты.

Биылғы сәуір айында ұлттық құрама сапында алғаш рет өнер көрсетіп, Польшаны жеңгеннен кейін финалдық кезеңге жолдама алдық. Команда капитаны Ярослава Шведоваға алғысым шексіз. Оның сенімін ақтап, құрамаға ұпай әперуге тырысамын. Австралиямен ойыннан кейін Словениямен матчтың да өте қиын болатын сөзсіз. Бұл ойынды жеңу үшін дене дайындығымен қатар, психологиялық тұрғыда күшті болу қажет. Словения бастапқы матчта Австралияны ұтып, күтпеген нәтижеге жетті деуге болады. Бұл командалық додада осал қарсыластың жоқ. Сондықтан қай ойында да бар күшімізді салатын боламыз, – деді Сағындықова.

Ал жұптық сында әлемдік рейтингте 151-орында тұрған Жібек Құламбаева жарысқа барынша жақсы дайындалғанын айтты.

Соңғы айлардағы ойыныма ризамын. Жұптық сында бірнеше ITF турнирінде жеңімпаз атандым. Севильяға ертерек келіп, әлем чемпионатына дайындалып үлгердім. Австралия - жеті дүркін әлем чемпионы. Сондықтан олармен қиын ойын болды.  Дегенмен Словениямны жеңі үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, –  деді Құламбаева.

Енді ұлттық құрама Словения командасын жеңсе жартылай финалға шығады.