Ақтөбеде шетел азаматы полицейлерге пара ұсынды (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Көлік иесі ойынан қайтпаған соң тәртіп сақшылары жедел-тергеу тобын шақыртты

Фото: Halyq uni.kz

Ақтөбеде заң бұзған шетел азаматы полицейлерге пара ұсынды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, 9 қарашада сағат түнгі 01:25 шамасында Ақтөбе қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Сәнібек Молдашев пен Артур Абдигамитов патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін DAF автокөлігін тоқтатқан.

Полицейлер жүк көлігінің 39 жастағы жүргізушісі – шетелдік азаматқа оның ӘҚБтК-нің 601-бабы 1-бөлігінде («Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау») көзделген заң бұзушылықты жасап, жол белгiсiнің талаптарын сақтамағанын түсіндірген. Алайда жүргізуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында полицейлерге пара ұсынған.

Тәртіп сақшылары жүргізушіге оның әрекеттері заңсыз екенін айтып түсіндіргенмен, ол өз ойынан қайтпаған соң, полицейлер жедел-тергеу тобын шақыртқан. Жол ережелерін сақтамаған жүргізушіге қатысты 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін әкімшілік хаттама толтырылумен қатар, лауазым иелеріне пара бергісі келгені үшін ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігімен («Пара беру») қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетсек, жүргізушінің заңсыз әрекетін әшкерелеген Сәнібек Молдашев пен Артур Абдигамитов ішкі істер органдарында 10 жылдан аса уақыт абыройлы қызмет атқарып келеді.