Татами шеберлері 8 алтын, 5 күміс және 11 қола жүлде иеленді
Алматыда WKF каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы XXI Азия чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жарысқа сары құрлықтың 30-ға жуық елінен 600 татами шебері қатысты.
Чемпионатта Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды. Жапония каратэшілері 14 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен көш бастаса, үздік үштікті Иран (5 алтын, 6 күміс, 11 қола) спортшылары түйіндеді.
Жарыстың соңғы күніндегі кумите бағдарламасында Диас Анарбеков (+84 кг), Биғабыл Жоламан (55 кг), Ақниет Шеризат (50 кг) пен Белла Шамашева (55 кг) Азия чемпионы атанса, Асқар Сапарғалиев (87 кг) пен Даяна Даренская (68 кг) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені иеленді. Ал Никита Тарнакин (84 кг), Николь Ценгель (61 кг) мен Венера Жақсыбаева (+ 68 кг) қола жүлдеге ие болды.
Бүгін каратэден ересектер арасындағы Азия ашық чемпионаты басталды. Жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.