ЮНЕСКО атаулы күндер тізбесіне Қазақстанның ұсынысын қабылдады
2024 жылы халықаралық деңгейде жазушы Бердібек Соқпақбаевтың, 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтіледі
ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың, 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.
Сессияда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан мен Өзбекстанның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығын атап өту туралы бірлескен ұсынысы да қабылданды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конференциясының бұл шешімдері қазақ мәдениетінің дүниежүзінде дәріптелуіне септігін тигізері сөзсіз, – деді ол.
ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – UNESCO) – Біріккен Ұлттар Ұйымынның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы.
Ұйым 1945 жылы 16 қарашада құрылған. Оның штаб-пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан.
Ұйым құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер кіреді. Бүгінде оған 193 мемлекет мүше.