Су тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналады – Тоқаев
Ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті
Келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған форум барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті.
Біз су секторын жаңғыртуға кірістік. Жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3 500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырымға жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы іске асырылып жатыр.
Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті сөзін қорытындылай келе, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екі елдің күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бірлескен нәтижелі жұмысқа атсалысқаны үшін Ресей президенті Владимир Путинге, форумның ресейлік және қазақстандық қатысушыларына алғыс айтты.