Бойжеткен үйінен 400 км жерде жұмыс істеген
Түркістан облысы Созақ ауданда 18 жастағы жоғалған бойжеткен табылды. Оның жоғалғаны туралы аудандық полиция бөліміне ата-анасы айтқан.
Қыздың әке-шешесі қызының түскі сағат 13.00 шамасында ескертусіз үйінен шығып, хабарсыз кеткенін жеткізген. Сөйтіп, бойжеткеннің ата-анасы өз бетінше екі күн бойы іздеген. Алайда еш нәтиже шықпаған. Содан соң полиция қызметкерлеріне арызданып, көмек сұраған.
Полиция қызметкерлері бірден бойжеткен қызды іздеуге кірісіп, оның аныстарының, туыстарының үйлеріне барып, қыздың қайда кетуі мүмкін екенін сұрастырған. Соның нәтижесінде бір тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, 400 км орналасқан Жетісай қаласынан даяшы болып жұмыс істеп жүрген жерінен табылды.
Өз кезегінде қызының аман-есен табылғанына қуанған әкесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.