Өзбекстан халқы күн сайын 2,1 мың адамға көбейіп жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Биыл 1 қазандағы санақ бойынша бұл елдің тұрақты халқы 36 599 764 адам болды

Фото: aa.com.tr

Өзбекстан Республикасының халқы күн сайын 2,1 мың адамға көбейіп жатыр. Бұл туралы Өзбекстан Статистика агенттігі хабарлады.

2023 жылғы 1 қазандағы санақ бойынша Өзбекстанның тұрақты халқы 36 599 764 адам болды. Бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өсті, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, Өзбекстан халқының саны биыл жыл басынан бері 574,8 мың адамға, әр айда орта есеппен 63,9 мың, әр күні 2,1 мың адамға көбейіп келеді.

Өзбекстанда 18 176 873 әйел, 18 422 891 ер адам бар. 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ерлер саны әйелдер санынан 246 018 адамға көп, – деп хабарлады агенттік.

Өзбекстанда биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтың 5,4 пайызы – 65 жастан асқан азаматтар. Бұл халықаралық критерийге қарағанда, қарт адамдардың көбейгенін

білдіреді. Егер 65 жастан асқан адамдар халықтың 4 пайызынан аз болса, онда жастардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді.