Қостанайда парамен ұсталған әкімнің мейрамханасы тағы да сатылымға шығарылды
Бұрынғы аукционда оны ешкім сатып алмаған еді
Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтан тәркіленген «Алтын-Саф» мейрамхана кешені қайтадан сатылымға шығарылды. Бұл туралы tobolinfo.kz хабарлады.
Мейрамхана кешенінің бастапқы бағасы – 805 млн 529 мың теңге. Бұрынғы аукционда жалпы ауданы 1558,4 шаршы метрді қамтитын бұл ғимаратты ешкім сатып алмаған еді.
Биыл қазан айында учаскені бағалау жүргізілген. Бағаны көтеру бойынша аукцион 17 қарашада өтеді.
Нысан Екатеринбург-Алматы тасжолының бойында орналасқан. Алаңда дәмханасы, отын қоймасы және жапсыра салынған демалыс орны бар. Ғимарат 2014 жылы салынған, - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2016 жылдың 11 сәуірінде Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжанов пара алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.