Ортақ келісім әзірге 1 жылға қарастырылған
Астана халықаралық әуежайы инвестор Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастады. Бұл жөнінде бүгін Zakon.kz cайтына Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлаған.
Әуежайдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада «негізгі мақсат Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту, инвестиция құю арқылы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жасау, жүк терминалың қуаттылығын және жолаушылар ағынын арттыру» екені айтылған.
Бұл Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағында сағатына 20 ұшу және қону операциясын орындауға мүмкіндік береді. Ал жүк терминалының аумағы 3,3 мың шаршы метр болады. Астана халықаралық әуежайы жылына 11 мың тонна жүкті қабылдау және жөнелту жұмысын жүргізіп келеді, - делінген хабарламада.
Айта кетсек, ортақ келісім әзірге 1 жылға қарастырылған.
Бір жыл көлемінде инвестор Астана әуежайының әлеуетін зерделеп, мүмкіндіктерін қарастырады. Содан кейін нақты инвестиция көлемі мен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу мәселесі қарастырылады, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Terminals Holding-пен ынтымақтастық туралы келісімге 18 қазанда премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына сапары барысында қол қойылған.