Қазір науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды
Шымкентте аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының расталған жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайты.
Ведомство мәліметінше, Түркістан облысы Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны «Асқазан-ішектен қан кету. Ауыр дәрежелі деңгей» диагнозымен облыстық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Науқас «КҚГҚ ықтимал жағдай» диагнозымен Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған.
«Эпидемиологиялық тексеру кезінде науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды, оның ішінде 9 адам - медициналық қызметкерлер. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Ошақта эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. 2021 жылы қалада Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының 2 жағдайы тіркелген болатын. Шымкент қаласында кенелердің көбеюінің және адамдар арасында КҚГҚ ауруының тіркелуінің алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының мамандарымен тұрақты түрде санитариялық-ағартау және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының кенеттен 39-40ᵒС-қа дейін көтерілуі; қатты бас ауыруы; көздің қызаруы; бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қызарып, ісінуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен; лоқсу немесе құсу; іш ауыруы немесе өтуі; ауру одан әрі дамыған жағдайда: денеде бөртпелердің пайда болуы; мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері; ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.