Жамбыл облысында 50-ге жуық оқушы мектеп асханасындағы астан уланды

Халық үні

Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағалап отыр

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер жаппай уланды, деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Басқарманың мәліметінше, Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына 48 адам келіп түскен. Олар мектеп асханасында түскі ас ішкеннен кейін уланған. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар.

Негізінен 7-10 жасар балалар келіп түсті. Бәрі — Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылды, - деп түсіндірді ведомстводан.

Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағалап отыр.

Инфекционист, педиатр, токсиколог, реаниматолог-анестезиолог мамандар бүкіл диагностикалық және емдеу шараларын жасап жатыр.

Пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР бас инфекционисімен консультация жүргізіледі. Жағдай тұрақты, бәрі облыстың денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, - деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.