Кеншілер Тамара Дүйсенованың жалақы туралы сөзін жоққа шығарды
Министр айтқан еңбекақының кем дегенде жартысын алу үшін ең қауіпті жағдайларда жұмыс істеу керек
Қарағанды облысының «Саран» шахтасының қызметкерлері нақты қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлады ekaraganda.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтқан 1,6 млн-ға жуық жалақыны бұрын-соңды шахтерлер алып көрмеген.
Бір апта бұрын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова шахтада қаза тапқан кеншілердің жалақысын жариялады. Оның айтуынша, кеншілер орындаған біліктілігі мен функционалдығына байланысты айына 300 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін ақша алған.
«Саран» шахтасының қызметкерлері Дүйсенованың дерегі шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Тау-кен қазбаларын өткізушілер, тау-кен шеберлері, тау-кен қазбаларын жөндеу жөніндегі жұмысшылар – барлығы бір ауыздан еңбекақының шындыққа жанаспайтынын растады. Олардың сөзінше, министр айтқан еңбекақының кем дегенде жартысын алу үшін ең қауіпті жағдайларда жұмыс істеу керек және ең жоғары разрядтың шебері болу керек, - делінген басылымда.
«Күзембаева», «Ленин», «Қазақстан» және «Саран» шахталарының қызметкерлері өздерінің есеп айырысу парақтарын ұсынды. Кеншілер өз атынан да, кәсіподақ атынан да сөз сөйледі.
Ешқашан қазіргідей төмен жалақы болған емес, 500 мың, 600 мыңға жетпейді. Бұл әртүрлі төлемдерді шегермегендегі сома. Оның өзін тау-кен шебері алады, ал қарапайым жұмысшылар ше? Премьер-министр қара жұмысшылар туралы айттты ғой, олар мұндай жалақы алмайды. Ондай ақпаратты қайдан алды? - деп портал тау-кен шебері Тілек Әділмұраттың сөзінен үзінді келтірді.
«Саран» шахтасы кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Краус кеншілердің нақты жалақысы 300-ден 800 мың теңгеге дейін екенін айтқан. Бірақ шахтерлер 800 мың теңге жалақыны берілген тапсырысты толық орындағанда ғана алады.