Шаруалар қазақстандықтарды етпен толық қамтамасыз етіп отыр
Қазақстанда сиыр етінің бағасы төмендеп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, елімізде еттің бағасы 3 жыл бойы тұрақты болып тұр.
Етке тоқталайын. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы – 2 485 теңге. Тіпті, баға төмендеп жатыр. Бүгінде оны қайда сататыныңды білмейсің. Сондықтан біз квотаны 60 мың басқа көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, шаруаларға қолдау көрсетеміз, - деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.
Сондай-ақ министр қарапайым шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқанына тоқталды.
Біріншіден, оларға субсидия, екіншіден, арзандатылған несие, үшіншіден, квота белгіленген. Ол – 60 мың бас. Қазір мал шаруашылықтары соның өзін игере алмай жатыр. Мысалы, бұрын бір шаруашылыққа бордақылау алаңында 500 бас болса, қазір 4 мың басқа көбейттік, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында Айдарбек Сапаров шаруалар қазақстандықтарды 100% етпен қамтамасыз етіп отырғанын айтты.