Оның 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 айдағы жұмыс нәтижелері жарияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Антикордың мәліметінше, есепті кезеңде елімізде 1 мың 500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркелген. 1 мың 100-ден астам адам әшкереленіп, оның 158-інің әртүрлі деңгейдегі басшылар екендігі белгілі болды. Сотқа 1 мыңнан астам іс жіберіліп, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелді.
2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңгенің мүліктік активтері мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның 159,8 млрд теңгесі – шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша. Бұл қаржы мемлекет бюджетіне түсті.
Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдарда тіркелген жемқорлық қылмыстарға ерекше назар аударады, – делінген Антикор хабарламасында.
Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды адам әшкереленді, оның 137-сі – басшы. Жемқорлықпен ұсталған мемлекеттік қызметкерлердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі.
Агенттік қызметіндегі басым бағыт превенция жұмысы саналады. Есепті кезеңде әртүрлі салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 180-ге жуық талдау және мониторинг жүргізілді. Оларды жою бойынша 1 мың 500-ден астам ұсыныс енгізілді. Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Антикор 38 млрд теңгеден астам шығынның алдын алды.
Еліміздің облыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде жалпы бюджеті 2,44 трлн теңге болатын 156 әлеуметтік нысан белгіленді. Оларды жымқыруға жол бермеу мақсатында құрылыс барысына мониторинг жүргізіледі. Бұл процеске жұртшылық та қосылған.
Жалпы, халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артып келеді. Биылғы тамызда іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына 2 мың бейжай қарамайтын қазақстандық қатысып жатыр. Сондай-ақ «Бизнес жолы» жобасын іске асыру жалғасып келеді. Ол кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған. Сол іске қосылған сәттен бастап 24 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетіліп, 550-ден астам проблемалық кейс шешілді.