Азиада қорытындысы: министр федерацияларды сынады

Дастан Жұмабекұлы

Семсершілер мен таэквондошылар міндеттеме алды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев семсерлесу және таэквондо федерацияларының басшылары мен жаттықтырушыларымен кездесу өткізді. Жиында спорт түрлерінің Азия ойындарындағы қорытынды есебі тыңдалып, алдағы Париж Олимпиадасына қатысты жоспарлар пысықталды.  

Ермек Маржықпаев Ханчжоудағы көрсеткен нәтижелерге көңілі толмайтынын жеткізіп, федерация өкілдерінің Азиада алдында берген міндеттемелерін орындай алмағанын қатты сынға алды.

Айта кету керек, семсершілер Азия ойындарында 1 алтын, 1 қола медаль алуды жоспарлағанмен жарыс қорытындысында 1 күміс пен 2 қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ таэквондошылар да 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль алуды мақсат тұтқанмен, Қытайда небәрі 2 қола жүлдені иеленді.

Кездесу соңында министр құрлықтық жарыстың нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіп, қателіктермен жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ Париж Олимпиадасына дейін жеткілікті жолдамаларды жеңіп алуды алға тартты.

Көріп отырғанымыздай, Азия ойындарында екі федерацияның спортшылары көңілден шығатындай нәтиже көрсетен жоқ. Дегенмен бұл сәтсіздіктен, бүгінгі сыннан тиісті қорытынды шығару керек. Алдымызда – Париж Олимпиадасы. Енді қалған 8 айда дайындықты күшейтіп, лицензиялық турнирлерде топ жару қажет, – деді Туризм және спорт министрі.

Айта кетейік, кездесуде семсершілер Париж Олимпиадасына 5, ал таэквондошылар 2 жолдама жеңіп алуға міндеттеме алды.