«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға 7,3 мың өтінім түсті
Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микронесиелер алуға 7,3 мың өтінім түсті. Биыл жалпы 5 мың 796 микронесие беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 мың 205 жоба мақұлданды.
Микронесиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Микронесие алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (970), Жамбыл (786), Қызылорда (642) облыстары мен Шымкент (466) және Астана (456) қалаларынан түсті.
Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 мың 205 жоба мақұлданды. Оның ішінде 4 554 жобаны іске асыруға несие берілді. Несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.
Сондай-ақ микронесие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.