Түркістанда ІІ Түркі универсиадасы басталды
Жарысқа спорттың 7 түрінен 500-ге жуық спортшы қатысады
Түркістанда ІІ Түркі универсиадасы басталды. Оның ашылу салтанаты «Керуен сарай» кешеніндегі Show arena ғимаратында болды.
Бауырлас елдердің спортшы өрендерінің басын қосқан доданың салтанатты жиынына Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Ғылым және жоғарғы білім минисрі Саясат Нұрбек пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі, – деп хабарлады Түркістан облысының әкімдігі.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді. Одан кейін Универсиаданың мәні мен маңыздылығын атап өтті.
Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласы ежелден түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Түркістан – бірнеше ғасыр Қазақ хандығының астанасы болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген. Бүгін осы қасиетті топырақта бауырлас елдерімізді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Түркі елдерінің екінші универсиадасы халықаралық жарысқа айналып отыр.
Түркістанға түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спортшылар жиналды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздер сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер түріктің ұрпағысыздар! Жақында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды шешімдер қабылдады. Екінші Түркі Универсиадасының да мақсаты – осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі елдерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз. Баршаңызды Универсиаданың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің жастарымыз әлемдік жарыстарда әрқашан жеңіске жете берсін! Түркі әлемі жасай берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Жарыстың ашылу салтанаты жақсы ұйымдастырылды. Алдымен «Спорт, спорт» хореографиялық театрландырылған композициясы көрермен назарына ұсынылса, «Ынтымақ мекені» хореографиялық театрландырылған қойылым арқылы түркі елдерінің бірлігі насихатталды. Сонымен бірге Түркістан облысының талантты өнерпаздары «Қазақ елі осындай», «Түркістан», «Ақ қурай», «Тұран даласы» әндерімен жұртшылықтың рухын оятты.
Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысуда. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сайыстар OLIMPIC CENTER спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатыр. Түркі универсиадасы 10 қарашаға дейін жалғасады.