Автокөлікті тінту кезінде әрқайсысының салмағы 24 кг болатын 7 қорап табылды
Алматыға кіреберісте Жамбыл облысының екі тұрғынынан 151 келі гашиш тәркіленді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Алматыға есірткінің ірі партиясын әкеле жатқан Toyota Camry автокөлігінен 151 келі гашиш тәркіленді.
Көлік Райымбек даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысында көлік тоқтатылды. Көлікте Жамбыл облысы, Шу ауданының екі тұрғыны болды. Автокөлікті тінту кезінде әрқайсысының салмағы 24 келі болатын 7 қорап табылды. Олардың ішінде ерекше иісті жасыл түсті ұнтақ заты бар полиэтилен байламдары болды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 151 келі 328 грамм болатын гашиш есірткі екені расталды. Айыпталушылар қамауға алынды.
Еске салсақ, бұған дейін шілде айында 1982 жылы туған Т.есімді азамат ұсталған болатын. Одан салмағы 54 келіден астам марихуана табылып, тәркіленді. Ал қазан айында 1993 жылғы Г.есімді азамат ұсталды. Оны тінту кезінде 6 келі гашиш салынған байлам табылды.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.