×

Елімізде аудан әкімдері сайланды

Бөкей ордасы ауданында 97 жастағы сайлаушы дауыс берді

 Дастан Жұмабекұлы 06.11.2023 | 11:56
Фото: egemen.kz

Бүгін Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында аудан әкімдері сайлауының қорытындысы шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, Есіл ауданында сайлауға екі кандидат түсіп, соның бірі – Мереке Мұхамедияров 8 419 адамның дауысын жинады. Оның қарсыласы Серік Шаймергенов 1 630 дауыс алды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 724 болды.

Мамлют ауданы бойынша Елена Степаненко 6 817 дауыс жинады. Абзал Исмановқа 604 сайлаушы дауыс берсе, Мейірхан Жұмықов 428 дауыс алды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 416.

Тимирязев ауданы бойынша Ерлан Жаровқа 3536 адам дауыс берді. Қайрат Жағыпаров 358 сайлаушының дауысын, Талғат Есләмов 338 адамның дауысын жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 181 болды.

Сайлау қорытындысы бойынша Есіл ауданының әкімі болып Мереке Мұхамедияров сайланды. Ол 1962 жылы туған. Бұған дейін Есіл ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.

Мамлют ауданына Елена Степаненко әкім болды. Ол 1972 жылы туған. Сайлауға дейін ол Мамлют ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Тимирязев ауданына Ерлан Жаров қайтып әкім болып сайланды. Ол 1982 жылы туған.

Жалпы СҚО-да сайлаушылар тізіміне 35 846 азамат енгізілді. Дауыс беруге 24 061 сайлаушы қатысты.

Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясынан мәліметіне қарағанда, сайлаушылар тізіміне енгізілген 28 897 сайлаушының 17 033-і дауыс беруге қатысты. 9 адам саяси додаға түсті.

Бұл облыста сайлау Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында болды.  Оған барлығы 28 884 сайлаушы тіркелді.

Саяси додаға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет етті.

Бөкей ордасы ауданында 9 141 сайлаушы тіркелген. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сайлаушылардың ең үлкені 97 жаста болса, 107 сайлаушы алғаш рет дауыс беру жасына жеткен.

Бөкей ордасы ауданы бойынша Мейрамбек Ғилманов үшін 782, Нұрлыбек Даумов үшін 4 660, Нарынбек Кереш үшін 426 дауыс берілді. Барлығына қарсы белгісі бар бюллетеньдер саны – 178.

Тасқала ауданында да сайлау тиісті деңгейде өтті. Бұл ауданда сайлау барысын Аmanat  партиясынан – 22, республикалық «Дауыс» қоғамдық бірлестігінен – 22, «Намыс» қоғамдық ұйымынан – 20, «Ақжол» партиясынан 8 өкіл бақылады.

Тасқала ауданы бойынша Мэлс Нәріков үшін 1 032, Бекжан Тоқжанов үшін 381, Талғат Шәкіров үшін 3 138 сайлаушы дауыс берді.

Барлығына қарсы бюллетеньдер – 317.

Қаратөбе ауданында сайлауға 5 565 адам қатысқан. Бұл өңірде тіркелген барлық сайлаушының 63,3 пайызы. 

Қаратөбе ауданы бойынша Қанат Мұқанов үшін 557, Ермек Сайынов үшін 448, Қадыржан Сүйеуғалиев үшін 4 329 дауыс берілді. Барлығына қарсы бюллетеньдер – 115.

Сайлау қорытындысымен Нұрлыбек Даумов Бөкей ордасы, Қадыржан Сүйеуғалиев Қаратөбе, Талғат Асқарұлы Шәкіров Тасқала ауданының әкімі болып сайланды.

Нұрлыбек Даумов бұған дейін де Бөкей ордасы,  Қадыржан Орынбасаров Қаратөбе ауданының әкімі болды. Талғат Шәкіров бұған дейін Тасқала ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланды.

Сайлау қорытындыларына сәйкес Бәйдібек ауданына Ерлан Нұрмаханов, Мақтаарал ауданына Бахыт Асанов, Созақ ауданына Мұхит Тұрысбеков, Шардара ауданына Арман Қарсыбаев әкім болды.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер Мақтаарал ауданында көп болған. Яғни, мұндағы 922 сайлаушы барлық кандидатқа қарсы қатарды белгілеген.

Қарағанды облысында екі аудан мен бір қалаға әкім сайланды.

Ақтоғай ауданында Руслан Кенжебеков басым дауыспен жеңіске жетті. Бұл жерде аудан әкімі лауазымына 3 кандидат ұсынылды. Қорытындысы бойынша Нұрланбек Жаңабергенов үшін 695 сайлаушы дауысы, Руслан Кенжебеков үшін 5 656 дауыс, Нұржан Сейітов үшін 1 251 дауыс берді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны - 103.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында халықтың көбісі Руслан Нұрмұханбетовке дауыс берді.

Аудан әкімі лауазымына үш үміткер болды. Оның ішінде 11 595 дауысты Руслан Нұрмұханбетов жинады. Екінші кандидат Ермек Дөненбаевқа 1 276 адам дауыс берсе, ал Нәсіп Шалабаева 1 391 сайлаушының дауысын алды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 103.

Осылайша, Осакаров ауданының басшысы Руслан Нұрмұханбетов болды.

Қарағанды облысының Приозерск қаласына Мансұр Ахметов басшы болып сайланды.  

Қала әкімі лауазымына үш үміткер болды. Оның ішінде Мансұр Ахметов ең көп дауыс жинады. Ол үшін 2664 сайлаушы өз дауыстарын берді. Руслан Койшинге 340 дауыс берілді. Үшінші кандидат Светлана Попченко 477 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 19.

Ақтөбе облысының үш ауданында сайланған әкімдердің аты-жөні белгілі болды

Ақтөбенің Ырғыз ауданына Нұрлан Қызбергенов, Қобда ауданына Ізгілік Тынымгереев, Ойыл ауданына Асқар Қазыбаев сайланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама