ЦАХАЛ Палестина халқына өз жерлерін тастап кетуге 48 сағат уақыт берді
Израильдің армиясы Газа секторын екіге бөлгенін хабарлады. Қазір ЦАХАЛ (Израиль әскері, – ред.) теңіз ағысына шығып, Газаны толық қоршауға алды.
Біз Газа секторын екіге бөлуді аяқтадық. Газаны толық қоршауға алдық. Енді Газа халқы сектордың оңтүстігіне көшсе болады. Оларға гуманитарлық дәліз ашылған, – деді Израиль әскерінің бригада генаралы Даниэль Хагари.
Оның айтуынша, ХАМАС-қа қарсы әскери операция ұйым жойылғанша жалғаса береді. Қазір ЦАХАЛ-дың «Голани» жаяу бригадасы Газа қаласын толық қоршауға алды. Енді 48 сағатта бейбіт халық сектордың солтүстігінен оңтүстікке көшсе, әскер қалаға кіріп, ХАМАС-пен шайқасады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Палестинаға барған сапарында автономияның президенті Махмуд Аббаспен кездесіп, Газа секторының болашағын талқылады. Ол Аббасқа Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен сөйлескенін, оған Газада гуманитарлық мақсатта ұрыс қимылын уақытша тоқтату керектігін айтқанын ескертті.
Аббас Газа билігін қолға алуға дайын екенін, ол үшін ұрыс қимылдарының тоқтатылуы керектігін айтты. Ал «Ислам жиһадшылары» ұйымы егер Израиль уақытша ұрыс қимылдарын тоқтатса, шетелдік тұтқындарды босатуға уәде берді.
Қазір әлемнің бірнеше елінде Израильдің Газадағы әскери операциясын тоқтату туралы акциялар болып жатыр. Палестина байрағын көтерген акциялар АҚШ, Канада, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка мен Оңтүстік Америка елдерінде өтуде.