Тазының атын «Ғарышкер» деп атадық, - дейді әнші
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады, деп хабарлады Halyq Uni.
Достар, танысып қойыңыздар, бұл – менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «Жеті қазынаның» бірі. Қазір Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады, - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасына.
Оның айтуынша, бұл қазақы тұқым өзіне тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және өте ақылды келеді.
«Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған. Бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін президентімізге алғыс айтамын! Тазының атын «Ғарышкер» деп атадық», – деп жазды Димаш Құдайберген.